Билер сөзі

Жақсымен жолдас болсаң…
Атағы бар Алашқа жайылған Ақтайлақ би жас кезінде Шымыр биге батасын алайын деп барып, жөнін айтыпты. Сонда Шымыр: «Жолдастың жүзін алма, бірін ал. Бір кісі жүз кісіге олжа салады. Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа. Өгізді өрге салма, қанатыңды талдырады, жаманға ісің түссе, сағыңды сындырады, жауға сырыңды айтпа, пәлеге қалдырады» дей келіп:
– Арзан не, қымбат не? Алыс не, жақын не? Жаман не, жақсы не? Қатты не, тәтті не? Білсең айта қойшы, – депті.
Ақтайлақтың жауабы:
– Арзаныңыз – өтірік, қымбатыңыз – шындық. Алысыңыз – жұмақ, жақыныңыз – өлім. Жаманыңыз – қиянат, жақсыңыз – адалдық. Қаттыңыз – жоқшылық, тәттіңіз – бала.
Шымыр би бұған риза болып, батасын беріпті.
Бес жаман
Тезек төренің «төрт жақсы» атанған төрт серігі болған екен. Атақты Бөлтірікті бір сүріндіру үшін бір мәслихатқа сол төртеуімен қоса шешенді шақыртыпты да, соның үстінде Бекеңді өзі де, «төрт жақсысы» да іліп-шала беріпті. Сонда Бөкең былай деген екен:
Біріншіден, не жаман?
Қатынсыз адам бақытсыз,
Бақытсыз болсаң, сол жаман.
Екіншіден, не жаман?
Баласыз адам бағасыз,
Бағасыз болсаң сол жаман.
Үшіншіден, не жаман?
Малы жоқтың жайы жоқ,
Жайсыз болсаң, сол жаман.
Төртіншіден, не жаман?
Жұрты жоқтың құты жоқ,
Құтсыз болсаң, сол жаман.
Бірін айт та, бәрін айт,
Құдайсыз адам – имансыз,
Имансыз болсаң, сол жаман.
Бұл төренің де, «төрт жақсының» да кемістігін айтқан сөз екен. Содан былай «төрт жақсы» жайына қалып, «бес жаман» елге таралып кетіпті.
Қасқакөл дауы
Ертеде Қасқакөл туралы талас болып үш жүздің билері келісе алмайды. Ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Орманбет би, Кіші жүзден Әйтеке билер таласқан жерді татулықпен шешу үшін көл жағасына үй тіккізіп, келіссөз бастамақшы болады. Билерге 20 үй тігіліп, нөкерлерімен сонда жайғасады. Ту биелер сойылып, сары қымызды сапырып отырып әңгіме-дүкен құрады. Төле би мен Әйтеке бидің жастары шамалас. Екеуінің де 70-тен асып қалған шағы болса керек. Орта жүздің Орманбет биі қылшылдаған 40 жастың шамасында көрінеді. Жасы үлкен билер отырған ақордаға келіп Орманбет сәлем береді.
Сонда Төле би сөз бастап:
– Әй, Орманбет! Мен әлі тірімін, өлгенім жоқ. Бұдан бұрын неше мәрте сәлем айтсам да келмедің. Ер кетер, ер жетер, ешкімге бұл жалған дүние опа қылмас. Ей, Орманбет, сен бізден кішісің. Біз тойдан келе жатырмыз, сен тойға енді кетіп бара жатырсың. Біз енді көп жүрмеспіз, көмілерміз. Сен жассың, көңіліңдегіні аларсың! – дейді алыстан орағытып. Әйтеке де Төленің сөзін қостап:
– Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе жұрттан ала бөтен үйің күйсін, деген. Бізге кейінгілер осыны айтар ма деп ойлаймын, – дейді. Сонда Орманбет:
– Екі би. Айтқан сөзіңіз жарасады, еншіге әркімдер-ақ таласады. Бұл Қасқакөл Орта жүздің көлі еді. Айтқандарың қиянатқа жанасады. Қанағатсыз билерді қабан деген, қамшылатқан жүйрікті шабан деген, біреудің ақысына зорлық қылса, ақыретте мұндай іс жаман деген, – дейді.
– Ей, Орманбет! Сен бізге Қасқакөлді беріңіз, Қасқакөл, рас, сізге жақын. Бардан пайда, жоқтан залал деген. Не берсе қайырын тілеп көріңіз. Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар. Әр жерде су ішетін басқа көл бар.
– Үш бөліп, енші қылып алысайық, жер жетер, көңіліңді ұстама тар, – дейді Төле би.
Үшеуі олай сөйлесіп, бұлай сөйлесіп келісе алмайды. Орманбет екі қарияға ырық бермеген соң Төле қатты-қатты сөз айтады. Жер дауы бітпей Орманбет еліне қайтады. Үйіне келген соң ақылгөй анасы даудың мәнісін сұрайды. Орманбет болған жайды айтады. Сонда анасы:
– Балам, қарт билерді бекер ренжіткен екенсің, әлі де болса тілімді алсаң Қасқакөлді бөліп бер! – дейді. Ана сөзінен аса алмаған Орманбет ақыры көнеді. Арнайы үй тіккізіп, тоғыз бие сойғызып, Төле мен Әйтекені шақырады. Билер келіп дәм татып отырғанда Төле би былай дейді:
– Әйел жақсы болса, білім иесі батыр туады, жаман болса, ер бөксе қатын туады. Әйел жақсы болса ердің басшысы емес пе? Бұрынғылар осылай демес пе? Қасқакөлді аламын деп келіп едім, Орманбет бермеген соң өліп едім. 70 жасқа келгенде сөзім жерде қалып, мәңгіге тірілместей болып едім, жеңгей! Мені тірілттіңіз, енді балаңызға бата берейін, – деп қолын жаяды.
Осылайша Қасқакөлді үш жүздің баласы үш жағын бөліп пайдаланбақшы болып, ризашылықпен аттанады.
Жанатыңа – жанатым
Қалмақ ханы Қоңтажыға елшілікке барып, оны сөзден жығып мерейі үстем болған қазақтар есеп-қисапты бітіріп, қайтпақшы болады. Мал мен жанды алдына өрістетіп салып, көп олжамен марқайып жолға шығады. Бұлармен қош айтысуға Қоңтажының өзі келеді. Осы кезде қазақтың бір жігіті ортаға шығып айқай салады.
– Уа, жиналған жұртым! Менің айтпағым мынау еді. Мен басында қазақтың жылқышысы едім. Жылқы бағып жүріп, мың жылқымен бірге қалмақтың қолына түстім. Мұнда келген соң ханның бір уәзірі мені сабап, тонымды тартып алды. Өз ықтиярыммен бермеп едім, сойылға жығып, тісімді сындырды. Атымнан айырылып, ұйқым бұзылды. Тісім сынып, сөзім бұзылды. Осы қиянатқа не дейсіздер? – дейді. Сонда Қоңтажы тұрып:
– Бұл не дегенің, басында біткен дауды қайталап қуа берген дұрыс бола ма? Тон дегенің бір тоқтышақтың терісі шығар, ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай шығар. Ал тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде емес пе?! – депті.
Қазақ – қалмақ тағы да таразыға түскендей болады. Ешкім ештеңе дей қоймайды. Сонда Қазыбек атын қамшылап жіберіп, ханның қасына жетіп келеді.
– Тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде жүре беру керек деген не сөз! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене, аузындағы отыз тісі болат емей немене? Астындағы жалғыз аты қанат емей немене? Бізбен қарыспай бітіскендігің рас болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай алғанды қайыру керек. Қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес, бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл еліне көрікті болып қайтуы керек, – дейді.
Қазыбек аруақтанып, асып сөйлегенде Қоңтажының мысы басылып, жүні жығылып қалады.
– Мә, жанатыңа – жанатым, – деп жанат ішігін шешіп береді. Мә, болатыңа – болатым, – деп беліндегі болат семсерін суырып береді. Мә, қанатыңа – қанатым, – деп астындағы қарақасқа тұлпарын түсіп береді. Өзі ашынып тұрған жігіт ел-жұртының алдында мерейі өсіп, жанат ішікті киіп, болат семсерді беліне байлап, қарақасқа тұлпарға мініп тұрып:
– Ал, менің де дауым бітті. Енді қоштауға болады, – деген екен.