Билер сөзі

ӘКЕНІҢ СЫБАҒАСЫ
Тайкелтір шешен жас кезінде жоғалған бір тайлағын іздеп кездейсоқ Төле бидің үйіне тап болады.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Кімнің баласысың?
– Айдаболдың баласымын.
– Балам, атың кім?
– Тайкелтір,
– Әкең саған болмас ат қойғаны қалай?
– Тақсыр, әкем мен жақсы болсам ата-бабаға атақ-абырой ат келтірсін, жаман болсам тай келтірсін деп қойған болар…
Төле би он екі жастағы баладан мұндай жауап күтпеген еді. Баланың тайсалмай жауап беріп тұрғанын ұнатып, қалың қабағын көтеріп тесіле қарапты.
– Балам, жәй ел қыдырып шықтың ба? Бел сыдырып шықтың ба?
– Бір тайлағым ауа жайылып желдеп кетіпті, соны іздеп Шу бойындағы қалың елді сүзіп келемін.
– Балам, тайлағың табылар. Құдай айдап ойда жоқ жерде біздің үйге кез болдың. Осында қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет. Әкең досым еді, ол Шудың аяғын, мен Шудың басын жайлап жатушы ек. Көптен қатыса алмай жүрміз. Әке, шешең аман ба?
– Шүкір, ата, сіз ұйғарсаңыз қонайын, – дейді бала.
– Бәйбіше, Тайкелтірге қымыз құй, күн ыстық, шөлдеп келген шығар, – дейді Төле жанындағы зайыбына бұрылып. Бәйбішесі қымызын сапырып, алдын Төлеге ұсынып, екінші тостағанды балаға бергізеді, одан соң қымыз төрде жағалай отырған ақсақалдарға беріледі. Төле бидің сөзін ұйып тыңдап отырған шалдарға оның осы бір балаға сонша ілтипат көрсеткені, адам тіл қата алмайтын Төлеге баланың тақылдап жауап беруі шаншудай тиіпті. Бірақ Төледен батып ешкім ештеңе айта алмайды. Қымыз ішіліп, дастарқан жиналған соң қонақтарды күтіп жүрген орта бойлы дембелше жігіт бір сарбасты босағадан көлденеңдетіп «бата беріңіздер» дегенде, төрде күнімен қымыз алып отырған ақсақалдар ыңғайланып қолдарын көтере береді. Қонақ бала батаға кол көтермейді.
– Балам, неге колыңды жаймайсың?
– Мен бұл қойдың батасына қол көтермеймін, – дейді Тайкелтір байыппен.
Шалдар «неге, неге?» десіп қалады. Тайкелтір күле сөйлеп былай жауап береді:
– Қой сіздерге арналса, баталарыңызды беріп сойғыза беріңіздер. Ал егер маған арнап әкелінген мал болса, батасын өзім беремін. Бірақ әлгінде Төле атамның «әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген сөзі бар еді, мен бұл койдың кімнің сыбағасы екенін түсінбей отырмын.
Төрде отырған қабасақал қара шал не айтарын білмей сасқалақтап біресе Төлеге, біресе жанындағыларға жалтақтай карай береді.
– Өзің бір тақылдаған пәле екенсің!
– Ата, мен пәле емес, баламын.
Бағанадан үндемей сөз сарынын байқап отырған Төле Тайкелтірдің мына сөзінен амалсыз тосылады.
– Иә, Тайкелтір балам дұрыс айтады, әкесінің сыбағасын жеп кет дегенім рас. Айдаболдың осы дастарқаннан жылда жеп жүргені тоқты-торым емес, қыста бие, жазда құлын, тай болатын. Бар! Қойды қоя бер де жылқыдан бір құлын алып кел!..
ӨЗГЕ КІСІ КЕДЕЙ МЕ?
Сапақ датқа дау болған жерде байлығын айтып жұртқа сөз бермейді екен. Осындай бір келелі кеңеске Жалаңбас батыр қатысып қалады. Ол кезде әкесіне еріп келіп жүрген Жалаңбас сегіз-тоғыз жасар бала екен. Сонда Жалаңбас әкесінің алдында ойнап отырып Сапаққа:
– Уа, ер дегенге ерей ме,
Екі мұртың серей ме.
Сенде бар да бес байтал,
Өзге кісі кедей ме? – деген екен.
Сапақ сөзден тоқталып қалады.
Екінші бір жолы сөзден ұтпақ үшін Сапақ тағы да жас Жалаңбасқа қарап:
– Сөйлегеңде шешенсің,
Тумай жатып көсемсің,
Кімнен туған көзелсің! – дейді.
Жалаңбастың ата-тегі белгілі кісілер болмаса керек, ол сонда былай депті:
– Атамды сұрасаң – жетесіз,
Анамды сұрасаң – некесіз.
Өз тұсында өзім болдым,
Жетемді сұрап не етесіз?!
НЕГЕ ӨЛТІРДІҢ ҚҰДАЙ БОЛСАҢ…
Қасында баласы бар, астында нарға жеккен шанасы бар
Шернияз жолаушы жүріп келе жатады. Қыс күні боран, бір үйге келеді. Үйден көлік оттатып, жылынып шығуға рұқсат сұраса үй иесі:
– Рұқсат жоқ, өзім де жылқым жұтап жүдеп отырмын, қонақ күтетін жайым жоқ, – дейді.
– Қай ру боласыз? – дейді Шернияз.
Үй иесі:
– Не қыласың қай ру екенімді? Құда боламысың? Танысаң Адайыңмын, танымасаң құдайыңмын. Бар, жолыңнан қалма, жүре бер! – дейді.
Сонда Шернияз:
– Мен саған не қылайын Адай болсаң,
Үйіңнен шай берсейші, олай болсаң!
Жылқыңның өлімтігі иттен де көп,
Жылқыңды неге өлтірдің құдай болсаң?
Тарыдай талқаныңды шығарыпты,
Құдаймен азғана күн сыбай болсаң! – дейді.
Үй иесі кешірім сұрап, түсіріп қонақ еткен екен.
СӨЗІҢІЗ РАС…
Жақайым Шекті Жетес би бір даумен Шектінің назар Жексей деген еліне барыпты. Ол елде Нияз деген кісі би екен. Өзі етжеңділеу адам болса керек. Ал, Жетес арық кісі екен. Бір сөздің кезегінде Нияз Жетеске:
– Уа, Жетежан, «Дауылпаз деген құс болады, дауысы жер жарады. Жанына барсаң ұлтарақтай көн болады» дегендей, Жетес атың жер жаратын еді… – депті.
Сонда Жетес оның сөзін бөліп:
– Уа, Ніке, оныңыз рас. Ерназар Бекетті айдатқалы арлы шекті арық болды да, арсыз шекті семіз болды ғой! – депті.
Нөмірдегі материалдарды әзірлеген Асхат БИМЕНБЕТОВ.